Саммит туралы
Өңірлік экологиялық саммит 2026 (ӨЭС 2026) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынылды. 2025 жылғы мамырда өткен Астана халықаралық форумында Саммиттің күн тәртібін климаттық мәселелерден экологиялық мәселелерге дейін кеңейту туралы жарияланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Саммитке 2023 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған Бас Ассамблеяның 78/147 қарарымен қолдау білдірді. Қарардың атауы — «Экологиялық сын-қатерлер жағдайындағы Орталық Азия: орнықты даму мен өркендеу жолындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту».
Бұл бастама 2024 жылы мемлекеттер басшылары деңгейінде қабылданған бірқатар маңызды саяси құжаттарда бекітілді, соның ішінде:
- Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің Қарабах декларациясында (2024 жылғы 6 шілде, Әзербайжан);
- Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің Бірлескен мәлімдемесінде (2024 жылғы 9 тамыз, Қазақстан);
- Түркі мемлекеттері ұйымының XXI саммитінің Бішкек декларациясында (2024 жылғы 6 қараша, Қырғыз Республикасы).
2025 жылы бұл бастама Алматы қаласында (Қазақстан) БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен өткен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының ашылу рәсімі барысында, сондай-ақ Түрікменстанның Аваза қаласында өткен теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер жөніндегі БҰҰ-ның III конференциясы аясында одан әрі халықаралық мойындауға ие болды. ӨЭС 2026 Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа да халықаралық ұйымдармен серіктестік аясында Орталық Азия елдерін климаттың өзгеруіне байланысты және кең ауқымды экологиялық сын-қатерлерге қатысты ортақ шешімдер әзірлеу үшін біріктіруге бағытталған. Саммит аясында бейімделу шараларын қолдауға, төмен көміртекті технологияларды дамытуға және өңірдің экологиялық орнықтылығын нығайтуға қажетті Орталық Азия өңірінің «жасыл» қаржыландыруға қатысты нақты қажеттіліктерін айқындауға ерекше назар аударылады. Саммит диалог пен өңірлік ынтымақтастыққа арналған алаң ретінде қызмет ете отырып, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, ғылыми мекемелер мен іскерлік қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтады. Ол басым экологиялық мәселелер жөніндегі хабардарлықты арттыруға, практикалық шешімдерді айқындауға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Бастама «Бір Тамыр» сөз тіркесінде көрініс тапқан. «Тамыр» сөзі өңірдің барлық дерлік тілдерінде бар және терең мағынаны білдіреді. Тамырлар - ортақ тарих пен табиғатпен байланыс сияқты, ол - қан тамырлары - өңірдің жүрек қағысы мен қозғалысының нысаны, тамырлардың тоғысуы, рухтың және мәдениеттің ортақ желісі. Бұл — Орталық Азияны саяси шекаралармен емес, ортақ мән-мағынамен, жадымен және болашақпен біріктіретін байланыс, тұрақтылық және ортақ мұраның метафорасы. Орталық Азия елдерінің бейнесі Саммиттің эмблемасында (логотипінде) визуалды көрініс тапқан: пішіндері, түстері мен сипаты әртүрлі, бірақ бір-біріне жақын тұрған, алуантүрлілік бірліктің символы ретінде. Штрих-кодтың пішіні де диалог пен іс-қимыл үшін ортақ кеңістікті білдіреді, заманауи тәсілдерді, инновациялар мен шешімдердің технологиялық сипатын бейнелейді. Саммит осы бейнені көрсетеді: бір өңір – ортақ сын-қатерлер – ұжымдық әрекеттер. Ол экологиялық тұрғыдан тұрақты ортақ болашақтың негізін қалау үшін, мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми қауымдастықты, бизнесті, азаматтық секторды және жастарды біріктірмек.
Саммитке дайындық жұмыстары 2024 жылы басталып, өңірлік консультациялар сериясын қамтиды.

